Қазақ балуаны Нұрқожа Қайпанов Астанада өткен әлем чемпионатында күміс медальға ие болды, деп хабарлайды Massaget.kz.
Еркін күрестен 74 келіге дейінгі салмақтың финалында отандасымыз Ресей өкілі Иналбек Шериевпен кездесті. Боз кілемдегі белдесуде Қайпанов қарсыласына жол беріп, әлем біріншілігін күміс медальмен аяқтады.
Жерлесіміз финалға дейін төрт белдесуде жеңіске жетті. Ол Косово өкілі Эгзон Хониден, Әзірбайжан балуаны Туран Байрамовтан, Тәжікстан өкілі Виктор Рассадиннен және жапониялық Йошиносуке Аоягиден басым түскен еді.
Айта кетейік, Нұрқожа Қайпанов Астанадағы әлем чемпионатында финалға шыққан жалғыз қазақ балуаны болды. Бұған дейін ол 2024 жылы әлем чемпионы атанып, 2019 жылы күміс, ал 2025 жылы қола медаль иеленген еді. Бұл жолы әлем чемпионатындағы төртінші жүлдесін еншісіне жазды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
О. Сансызбай