Танымал боксшы Назым Қызайбай әлеуметтік желіде көлік сататынын жариялап, мұның себебін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Спортшының айтуынша, 2025 жылға қойған жоспары көп болған.
"Бірақ мен үшін ерекше маңызды үш үлкен мақсат бар еді. Біріншісі - үш дүркін әлем чемпионы атану. Екіншісі - ата-анама үлкен үй сыйлау. Үшіншісі - өзімнің бокс залымды ашу. Осы мақсаттардың екеуі орындалды. Үш дүркін әлем чемпионы болдым, оған қоса биыл екі әлем чемпионаты болғандықтан, өз рекордымды жаңартқым келді, бірақ екіншісінде күміс алдым. Отбасыма үлкен үй де алдым", - деді ол.
Боксшы жыл аяғына дейін үшінші мақсатына да қол жеткізгісі келетінін мәлімдеді.
"Жыл аяқталуға жақын, сондықтан үшінші арманымды да биыл жүзеге асырғым келеді. Қазір шағын ғимаратты қарастырып қойдым, ұнап та тұр. Соған байланысты өзімнің әдемі көлігімді сатамын. Бұл көлік маған Олимпиададан кейін сыйға берілген, бір жылдан аса уақыт міндім, жағдайы жақсы. Көлікті жақсы көремін, бірақ арман мен мақсат үшін бұл қадамға баруға дайынмын", - деді спортшы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!