Назым Қызайбай бокстан Әлем кубогының ақтық кезеңіне шықты

Назым Қызайбай бокстан Әлем кубогының ақтық кезеңіне шықты
Фото: ҚБФ

Бокстан үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай Қытайда өтіп жатқан Әлем кубогы кезеңінің финалына шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жай

54 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі жартылай финалда танымал қазақстандық спортшы Таиланд өкілі Натнича Чонгпронгклангпен кездесті.

Жекпе-жек толық үш раундқа созылды. Тартысты өткен кездесу қорытындысы бойынша төрешілердің бөлек шешімімен (3:2) жеңіс отандасымызға бұйырды.

Еске салайық, 32 жастағы Назым Қызайбайдың еншісінде бокстан әлем чемпионаттарының бес медалі бар, оның үшеуі — алтын. Сондай-ақ, ол 2024 жылы Парижде өткен Жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері.

Қазақстанның бірде-бір өкілі бокстан әлем чемпионатын бұдан көп рет жеңіп көрген емес.

Қытайдағы Әлем кубогында Назым өзі үшін үйреншікті емес 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жатыр. Бұған дейін ол өзінің негізгі марапаттарын жеңілдеу салмақ дәрежелерінде жеңіп алған болатын.

Бүгін, 20 маусымда, Қазақстан құрамасының тағы жеті мүшесі Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан Әлем кубогының финалына жолдама алу үшін бақ сынайды. Турнир 21 маусымда аяқталады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget