Бүгін Катардағы әлем чемпионатының үшінші туры басталады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әр топтағы ойындар енді бір уақытта басталады. Елорда уақытымен 21:00-де А тобының кездесулері өтеді.
Нидерланд құрамасы турнир қожайыны Катармен кездеседі. Катар футболшылары плэй-офф кезеңіне шығу мүмкіндігінен айырылған. Ал Нидерландқа топтан шығуы үшін тең ойын жеткілікті. Жеңсе, квартетте бірінші орын алады.
Ал Катар турнир қожайыны ретінде топтағы үш матчінде де жеңіліп қалған алғашқы құрама атануы мүмкін. Себебі 2018 жылғы әлем чемпионатына қатыспаған Нидерланд құрамасы плэй-офф кезеңін әбден сағынып қалған - турнир қожайын оңай жеңуі керек.
Фото: Reuters
Ал екінші матчте Эквадор мен Сенегал тағы бір жолдаманы сарапқа салады. Эквадорда төрт, Сенегалда үш ұпай бар. Бүгін Эквадорға тең нәтиже де жеткілікті. Эннер Валенсия Катарда карьерасының ең үздік сәтін өткізіп жатыр, екі ойында үш гол соқты. Соның арқасында команда Нидерландтан ұпай жырып алып қалған.
Садио Манесіз жағдайы қиындаған Сенегалға бүгін тек жеңіс қажет. 2-турда Катарды қатардан шығарған африкалық команда Манесіз де ойынының мәнін жоғалтпайтынын дәлелдеген. Сондықтан Эквадор да, Сенегал да плэй-оффқа шығуға лайық өнер көрсетіп жатыр.
Фото: Reuters
Егер Катар құрамасы күтпеген жерден Нидерландты ірі есеппен жеңіп, Эквадор мен Сенегал тең түссе, еуропалық команда топтан шыға алмай қалады.
Түнгі 1:00-де В тобындағы екі матч басталады. Бұл топта төрт команданың да плэй-оффқа шығу мүмкіндігі сақтаулы.
Ұлыбританиялық дербиде Англия мен Уэльс кездеседі. Қазір Англия (4 ұпай) көш басында, ал Уэльс (1 ұпай) топты түйіндеп тұр. Тарихта бұл құрамалар 103 рет кездескен. Оның 68-інде Англия жеңсе, 21 ойын тең аяқталған. Қалған 14 кездесуде Уэльс басым түсіпті.
Уэльс әлем чемпионатында сәтсіз өнер көрсетіп жатыр, сондықтан ағылшындар сенімді жеңіп, топтан бірінші орынмен шығуды мақсат етіп отыр. Ал Уэльс Англияны 4:0 есебімен жеңсе ғана, плэй-оффқа жолдама алады.
Фото: Reuters
Ал екінші жолдамаға Иран мен АҚШ құрамалары таласады. Өз еліндегі наразылық шараларына қарамастан, Иран футболшылары өткен турда өз халқын қуантқан еді - Уэльсті 2:0 есебімен жеңген. Енді америкалықтардан жеңілмесе, ал Англия Уэльске жол бермесе, тарихында алғаш рет плэй-офф кезеңіне жолдама алады. Бұл қазір ел билігіне қарсы наразылық акцияларын өткізіп жатқан Иран халқына титтей де болса қуаныш сыйлар еді.
Бірақ АҚШ құрамасы оңай шағылар жаңғақ емес. Жалпы, америкалықтар биылғы мундиальде жеңбеген және жеңілмеген жалғыз құрама. Екі матчінде де тең тарқасты. Бірақ АҚШ плэй-офф кезеңіне шығамын десе, бүгін міндетті түрде жеңуі керек.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!