Михаил Шайдоровқа қатысты жағдай: министрлік мәселе шешілгенін мәлімдеді

Михаил Шайдоровқа қатысты жағдай: министрлік мәселе шешілгенін мәлімдеді
Фото: ҰОК

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Михаил Шайдоров жаңа келісімшартқа қол қойғанын және оған тиесілі барлық төлем төленетінін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство дерегіне сүйенсек, Михаил Шайдоровқа қатысты мәселе шешілген.

"Михаил Шайдоров - отандық спорттың мақтанышы, өз есімін ел спортының тарихына алтын әріппен жазған саңлақ. Оны әрдайым қолдаймыз және халықаралық аренада табысты өнер көрсетіп, биік жетістіктерге жете беруіне тілектеспіз. Қоғамда кеңінен талқыланып жатқан келісімшарт мәселесіне тоқталсам, келісімшарт Шайдоровтың командасына жолданды және оған қол қойылды. Қол қою рәсімінің барлығы қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес өтті. Тараптар ортақ мәмілеге келіп, келісімшарттың барлық тармағын жан-жақты талқылады. Құжатқа қол қойылғаннан кейін министрлік оны жұмыс тәртібімен қабылдады. Алдағы уақытта келісімшартта көзделген барлық қаржы толық көлемде төленеді", - деді туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев.

5 маусымда Михаил Шайдоров жаңа маусымға дайындыққа АҚШ-қа аттанбақ.

"Бірер күннен соң Михаил Шайдоров өз командасымен бірге Туризм және спорт министрлігіне келеді. Кездесу барысында алдағы жоспарлар мен келесі Олимпиадаға дайындық мәселелерін талқылаймыз", - деді шенеунік.

Айта кетейік, бұған дейін мәнерлеп сырғанаудан Қазақстаннан шыққан алғашқы Олимпиада чемпионы сұхбаттарының бірінде бес ай бойы жалақы алмағанын, жаттығу жиындарына қаражат бөлінбей жатқанын мәлімдеді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget