2022 жылғы футбол бойынша әлем чемпионатындағы жеңісінен соң Лионель Месси әлем кубогын алды. Әлем кубогын алуға барғандағы Мессидің үстіндегі ерекше жамылғыны байқамау мүмкін емес.
Ол медаль алғаннан кейін Катар әмірі Тамим ибн Хамад әл-Тани оның иығына арнайы дайындалған жамылғыны ілді. Месси оны қалай дұрыс кию керегін бірден түсінген жоқ, бірақ оған киюге көмектесті. Содан соң Лионель Месси кубокты алуға осы қара мантиямен барды.
Бұл жамылғыны бишт деп атайды. Бұл суық мерзімде киетін сырт киім. Ол мантияға ұқсайды және күртке, пальто немесе плащ ретінде қолданылады. Әдетте, бишт қара немесе қоңыр болады. Кейде ол алтынмен кестеленеді: ол адамның ақсүйек руына жататынын білдіреді. Әдетте, биштті түйе жүнінен дайындайды. Оны ерлер ерекше жағдайларда киіп шығады: маңызды адамды қабылдағанда, мерекеге, тойға барғанда және т.б. Лео Мессиде де ерекше күн болғаны рас.
Осылайша, әлем чемпионатының иелері әлем кубогын табыстау кезінде өз дәстүрлерін насихаттады.