Мессидің Аргентинасы мен әлем чемпиондары: бүгін Катарда кімдер жарыс жолына шығады?

Мессидің Аргентинасы мен әлем чемпиондары: бүгін Катарда кімдер жарыс жолына шығады?
Фото: Reuters

Бүгін футболдан әлем чемпионаты аясында төрт матч өтеді. Жарыс жолына турнир фавориттерінің бірі Аргентина мен Франция құрамалары шығады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Елорда уақытымен 16:00-де "Лусаил Айконик" стадионында Аргентина - Сауд Арабиясы матчы басталады. Аргентиналық жұлдыз Лионель Месси бұл оның карьерасындағы соңғы мундиаль екенін айтқан. 35 жастағы футболшыға жүлделерді толық жинауға әлем чемпионатының кубогы ғана жетіспей тұр.


Лионель Месси. Фото: Reuters

Бұған дейін Аргентина мен Сауд Арабиясы төрт рет кездескен. Екі рет Аргентина жеңсе, екі мәрте командалар тең түскен.

Қазір ФИФА рейтингінде Оңтүстік Америка командасы 3, азиялық ұжым 51-орында тұр.

Аргентина 1978, 1986 жылдары әлем чемпионатында топ жарған, ал Сауд Арабиясының ең үздік нәтижесі - 1994 жылғы мундиальда 1/8 финалға шығуы.

С тобындағы алғашқы ойынды Qazsport пен Qazaqstan телеарналары көрсетеді. 

19:00-де "Эдьюкейшн сити" стадионында D тобы аясында Дания мен Тунис кездеседі. Дания тарихында Тунисті екі рет жеңген. Бұл - олардың үшінші матчі.


Дания құрамасы. Фото: Reuters

ФИФА рейтингінде Дания 10, Тунис 30-орында келеді. Екі құрама да әлем чемпионатына 5 рет қатысқан - Дания бұрын ширек финалға жетсе, африкалық құрама ешқашан топтан шығып көрмеген.

Transfermarkt мәліметінше, Дания құрамының трансферлік құны - 353 миллион еуро. Ал Тунис құрамасының бағасы - 62,4 миллион еуро. 

Кездесуді Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. 

Ал С тобы аясында Мексика мен Польша кім мықтыны анықтайды. Бұл матч 22:00-де басталады. Командалар бір-бірімен жақсы таныс. Тарихында 8 рет кездесіпті. Жетеуі жолдастық ойын, 1978 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңінде Польша Мексиканы 3:1 есебімен жеңген.


Польша құрамасы. Фото: Reuters

Қазір ФИФА рейтингінде Мексика жоғары тұр. Солтүстік Америка өкілі 13, Польша 26-орында келеді.

Мексика сапындағы ең қымбат футболшы - Эдсон Альварес. Оның трансфердегі бағасы - 35 миллион еуро. Ал футболдағы ең атақты поляк Роберт Левандовски 45 миллион еуроға бағаланады.

Дохадағы "974" стадионында өтетін ойынды Qazsport көрсетеді.

Ойын күнін қазіргі әлем чемпионы Франция мен Аустралия матчі аяқтайды. Бұл кездесу түнгі 01:00-де бастау алады.

Франция құрамасы 2018 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатында топ жарған. Команда Катарға осы атағын қорғап қалуға келді. Бірақ команданың құрамы толыққанды деуге келмейді. "Алтын доп" иегері Кәрім Бензема, Поль Погба, Н'Голо Канте мен Кристофер Нкунку жарақатына байланысты турнирге қатыспайды.


Франция құрамасы жаттығуда. Фото: Reuters

Франция мен Аустралия тарихында 5 рет кездескен. Үш жеңіс Францияның еншісінде, Аустралия бір мәрте жеңген, тағы бір ойында командалар тең тарқасқан. 2018 жылғы әлем чемпионатында да бұл екі команда бір топта ойнап, фрвнцуздар 2:1 есебімен жеңген.

Франция қазір ФИФА рейтингінде 4-орында, аустралиялықтар 38-орында тұр.

Әлем чемпионының құрамы 997,5 миллион еуроға бағаланған, бір Килиан Мбаппенің өзі 160 миллион еуро тұрады. Ал Аустралия құрамының құны - 37,30. Ең қымбат ойыншысы - Мэтью Райан (5 миллион еуро).

Әл-Вакра қаласында өтетін ойынды Qazsport пен Qazaqstan телеарналарынан көре аласыздар.

Айта кетейік, Massaget.kz порталы әлем чемпионатына орай болжам бәйге ұйымдастырып жатыр. Оның ережесін мына сілтемеден оқи аласыздар.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш