Месси мен Роналду алғаш рет бір командада ойнауы мүмкін

Әйгілі шабуылшы Лионель Месси аргентиналық футболшы Карлос Тевестің қоштасу матчына қатысатынын растады, деп хабарлайды Massaget.kz.

Кездесу 2026 жылғы 20 желтоқсанда Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласындағы "Ла Бомбонера" стадионында өтеді. Бұған дейін ұйымдастырушылар Мессидің қатысуға келісім бергенін ресми түрде мәлімдеген.

Аргентина құрамасында бірге ойнаған бұрынғы әріптестер футбол мерекесінде қайтадан алаңға шығады. Тевес кәсіпқой мансабын 2022 жылы аяқтағанымен, енді футбол жұлдыздарының қатысуымен ауқымды қоштасу матчын өткізуді ұйғарған.

Қатысатыны расталған ойыншылардың қатарында Серхио Агуэро, Мартин Палермо, Джанлуиджи Буффон, Рио Фердинанд, Леандро Паредес және басқа да футболшылар бар. Хуан Роман Рикельменің де келуі күтіліп отыр.

Жанкүйерлердің ерекше қызығушылығын тудырған жайт — Криштиану Роналдудың да бұл матчқа қатысуы мүмкін екені. Португалиялық жұлдызға шақырту жіберілген. Тевес Месси мен Роналдуды бір командада көргісі келетінін бірнеше рет айтып, бұл мәселемен өзі айналысып жүргенін жеткізген.

Роналду шақыртуды қабылдаса, өз буынының ең үздік екі футболшысы алғаш рет бір команда сапында өнер көрсетпек.

Месси мен Роналду – футболдағы басты бәсекелестер

Лионель Месси мен Криштиану Роналдудың бәсекелестігі қазіргі футбол тарихындағы ең маңызды оқиғалардың біріне айналды. Аргентиналық және португалиялық футболшылар жиырма жылға жуық уақыт бойы жеке марапаттар, командалық жүлделер және әлемнің үздік ойыншысы атағы үшін таласты.

Бұл бәсеке әсіресе олардың "Барселона" мен "Реал Мадрид" сапында ойнаған кезеңінде айқын көрінді. Екі жұлдыздың текетіресі Испания чемпионатымен шектелмей, бүкіл әлемдегі миллиондаған жанкүйердің назарын аударды.

Месси мен Роналду мансабында алаңда бірнеше рет кездескенімен, осы уақытқа дейін бір командада ойнаған емес. Карлос Тевестің қоштасу матчы кейінгі жылдардағы футболдың басты қарсыластарын бір командаға біріктіретін тарихи оқиғаға айналуы мүмкін.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!