Аргентина ұлттық құрамасы және ПСЖ клубының шабуылшысы Лионель Месси мансабында 7-ші рет "Алтын допты" еншіледі. Бұл – рекордтық көрсеткіш.
34 жастағы аргентиналық ойыншы биыл "Барселонадан" Париждің ПСЖ клубына ауысқан. Каталондық клуб сапында Испания кубогын жеңіп алды және Ла лигада 30 гол соғып үздік сұрмерген атанды. Сондай-ақ Аргентина ұлттық құрамасымен алғаш рет Америка кубогында топ жарды.
Месси 2009-2012 жылдар аралығында 4 рет қатарынан "Алтын допты" иеленді. 2015 және 2019 жылдары да бұл жетістігін қайталады. Биыл 7-ші рет иеленіп, Роналдудан қара үзді. Португалдық шабуылшының еншісінде 5 "Алтын доп" бар. Ол биылғы маусымда бар болғаны 6-орыннан көрінді.
Биыл Мессимен басты бәсекелес болған поляк футболшысы Роберт Левандовский екінші орыннан көрінді.
2020 жылы коронавирус пандемиясына байланысты "Алтын доп" иегері анықталған жоқ.