"Медальді таққанша сенбедім". Мүмкіндігі шектеулі қызылордалық оқушы Әлем чемпионы атанды

Мүмкіндігі шектеулі қызылордалық оқушы пара пауэрлифтингтен Әлем чемпионы атанды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Снежанна Бойко - Қызылорда қаласының Қарауылтөбе ауылында орналасқан А.Хангелдин атындағы №179 орта мектептің 10-сынып оқушысы. Дәрігерлер қойған хондродисплазия диагнозы оның мектепке қатынап оқуына тұсау болған. Осылайша, ол алты рет ота жасатты. Содан бері үйден білім алуға мәжбүр.

Снежанна адамның мүмкіндігі шексіз екенін тағы бір рет дәлелдеді. Жас спортшы Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында өтіп жатқан Әлем чемпионатында зілтемірді жатып сығымдап көтеруден алдына жан салған жоқ. 45 келі салмақ дәрежесіндегі жасөспірімдер арасында жекелей сында да, жалпы есеп бойынша да 1-орын иеленді.

"Қай қарсылас та осал емес. Бірақ бразилиялықтар мықты екен. Көбі үлкен салмақтағы зілтемірді көтеретін болғандықтан, сасқалақтап қалғаным рас. Ағайымның қолдауымен алға шықтым. "1-орын алдың" дегенде бірден сенбедім. Тек медальді әкеп таққанда түсініп, қуаныштан жылап жібердім", - деді Снежанна.

Спортшы аруды алғашқы үлкен жарысына облыстың аға жаттықтырушысы Бақытбек Рысбаев баптады. Ол дайындық жұмысы оңай болмағанын, Снежанна ауырып қалғанына қарамастан жаттығуды жалғастырғанын жеткізді.

"Дубайдың жазы өте ылғал, ыстық, ауасы тар. Соны көтере алмай, Снежанна қызымыз 3 күнде 2 жарым келі салмақ тастады. Сонда да намысқа тырысып, туымызды көкке көтерді. Сыр бойы спорт мектебінің атын шығарды", - деді бапкері.

Дүбірлі додаға 80 мемлекеттің 500-ден аса өкілі қатысып жатыр. Снежанна араб, украин, қырғыздармен достасып үлгерген.

"Арманы - Олимпиада чемпионы болу", - деді жігерлі қыздың анасы Қарлығаш Байчугурова.

Назерке Саниязова

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз