Марафондарда әйелдер саны артып келеді

Әлеуметтік желілерден көргендеріңіз болса, бір сурет бар еді: бір әйел, анығырақ айтсақ, Кэтрин Свитцер 1967 жылы рұқсатсыз өз еркімен жүгіру жолына шығып, марафонға қатысқан болатын. Осы оқиға әсер етті ме әлде нәзік жандылардың қалауы мен талабы күшейді ме, тек 1972 жылдан бастап, Бостон марафонға әйелдер қатысатын болды. Содан бері жүгіруден нәзік жандылар саны ерлерді басып озып жүр.

Running USA агенттігінің 2015 жылғы қорытындысы бойынша АҚШ-та жүгіруге қатысқан 17 миллион халықтың 57% әйелдерден құралған екен. Бұл тізімге мереке күндеріне орай ұйымдастырылған жарысқа қатысқандар, әлемдік деңгейде шеберлігін көрсеткен желаяқтар және өзі үшін спорт алаңында жүгіріп жүретін нәзік жандылар енеді.

Олардың кейбірі қабырғада ілінген медаль санын көбейту үшін қатысса, көпшілігі тұлғасын бір қалыпта ұстау үшін, салауатты өмір салтын бұзбау үшін жүгіреді екен.

1984 жылы Олимпиада марафонына қатысуға тілек білдірген әйелдер саны өте аз болған. Он жылдан кейін Опра Уинфри теңіз жаяу әскерінің марафонында 4,5 сағат жүгіріп өткен кезде, жүгіруге ниет білдірген қыздар саны күрт артқан екен. 2010 жылы жүгіру спортындағы нәзік жандылар саны  желаяқ ерлерден асып түскен.

Керісінше, ерлер ауыр атлетикаға қарай бейімделіп келеді. Ауыр зілтемірлерді көтеріп, дене бітіміне көңіл бөле бастады. Ал нәзік жандылар уақыт өте келе марафондарға әлеуметтік қолдау ретінде қатысатын болды. Әсіресе, АҚШ-та көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға көмек ретінде марафон ұйымдастырылатын болды. Мұндай марафондарға тек аналар, олардың қыздары және сәби сүйе алмай жүрген нәзік жандылар қатыса алады.

Жүгіру – күйзелістен қорғайтын дәрі. Соңғы зерттеулерде күн көзінде көп қозғалған адамның жүйкесі сыр бермейтіндігі және күйзеліс кезінде біршама сабырлы болатыны дәлелденген екен.

Біздің елімізде өткізілетін марафондарға қатысатын нәзік жандылар қатары жыл санап артып келеді. Мәре сызығын бірінші аттамасаңыз да, өз саулығы үшін қатысып жүру керектігін есіңізге саламыз. Салауатты болашақ бізден бастау алатынын ұмытпаңыз.