“Мақтаныш сезімі болды“: “Челси“ таңдаған 16 жастағы қазақстандық туралы

Астана клубының және Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы Марат Быстров 16 жастағы командалас әріптесі Дастан Сәтпаев туралы пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Быстровтың айтуынша, "Челсимен" келісімшартқа отырғанына қарамастан, "Қайраттың" жас вингері өзін жұлдыз етіп көрсетпеген.

– 16 жастағы қазақстандық жігіттің "Челсиге" ауысқаны туралы алғаш естігеніңізде қандай реакция болды?

"Мақтаныш. Біз ол кезде әлі таныс емес едік. Кейін құрамда кездестік – еңбекқор, тәрбиелі, жинақы, әкесінің тәрбиесі анық көрініп тұр. Бізбен "сіз" деп сөйлеседі. "Челсиге" ауысқанына қарамастан, өзін қарапайым ұстады. Футболшы ретінде де өте мықты: жылдамдығы, доппен жұмысы, екі аяқпен де дәл соққы жасай алуы, ашылып ойнауы, шешім қабылдауы – бәрі 16 жасқа сай емес. Біз ұлттық құрамамен 10 күн жиын өткіздік, бәріміз оның ойынына тәнті болдық", – деді футболшы Championat сайтына берген сұхбатында.

– Сіз "Челси" жанкүйері ретінде "Неге ол барады, мен емес? Мен қашан Египетке барамын?" деген әйгілі мемдегідей сезімде болған жоқсыз ба?

"Жоқ. Бұл бүкіл Қазақстан үшін қуанышты жаңалық. Бұл – Еуропаға шығуға болатынын көрсететін нақты мысал. Ол үшін тек көп еңбек етіп, бар ынтамен ойнау қажет", – деп жауап берді Быстров.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың ақпанында алматылық "Қайрат" ресми түрде шабуылшы Дастан Сәтпаевтың Лондонның "Челси" клубына сатылғанын хабарлаған болатын. Ол 18 жасқа толғанда ғана Лондонға ауыса алады, ал алдағы бір жарым жыл бойы туған клубында ойнай береді.

Осы маусымда "Челси" иелік ететін 16 жастағы футболшы Қазақстан чемпионатында 9 матчта 6 гол соғып, 2 нәтижелі пас берген. Сәуір айында 5 матчта 4 гол мен 2 пас (4+2) көрсетіп, қатарынан екінші ай "турнирдің үздік ойыншысы" атанды.

Ал Марат Быстров өз карьерасын Ресейдің әуесқой лигасында бастап, кейін "Ахмат" (Грозный), "Тобыл", "Ордабасы" және "Астана" клубтарында ойнаған. Қазіргі таңда елордалық клуб сапында өнер көрсетіп жүр.

Айта кетейік, Дастан Сәтпаев пен Марат Быстровты Қазақстан құрамасының бас бапкері Әли Әлиев маусым айының басында өтетін Беларусь және Солтүстік Македониямен болатын ойындарға шақырған.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз