“Мақсат толық орындалды деуге болады“. Бас бапкер боксшы қыздардың өнеріне баға берді

9 сәуірде бокстан Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында әйелдер арасындағы шешуші жекпе-жектер аяқталды. Ұлттық құраманың бас бапкері Елдос Сайдалин әйелдер арасындағы бәсеке аяқталған соң Olympic.kz сайтына берген сұхбатында жарысты қорытындылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бапкер құраманың өнеріне баға берді.

"Бұл жарысқа қатысқан боксшыларымыздың басым бөлігі Азия чемпионатына алғаш рет шықты. Соған қарамастан Дина Исламбекова мен Надежда Рябец финалда тактикалық жоспарға сай жұмыс істеп, жеңіске жетті. 10 минутта бар күшін салып, осылай чемпион атанып отыр. Дегенмен әлі де жетілдіретін тұстары бар. Жалпы қыздарымыздың өнеріне көңілім толады. Бәрі де барын салып, лайықты деңгейде жұдырықтасты. Әр спортшы Азия чемпионатына алтын жүлде алу үшін келеді. Бірақ жарыс барысында жеребе, түрлі жағдай әсер етеді. Сондықтан бәрі бірдей чемпион атануы мүмкін емес. Екі алтын медаль - өте жақсы нәтиже. Қойылған мақсат толық орындалды деуге болады", - деді ол.

Еске салайық, Қазақстан әйелдер құрамасы 2026 жылғы Азия чемпионатын бес жүлдемен аяқтады.

Надежда Рябец (80 келіге дейін) пен Дина Исламбекова (80 келіден жоғары салмақта) чемпион атанса, Бақыт Сейдіш (70 келіге дейін) күміс медальға ие болды. Ал Әйгерім Сәттібаева (48 келіге дейін) мен Валентина Хальзова (75 келіге дейін) қола жүлде еншіледі.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!