Магнус Карлсен Бибісара Асаубаевамен соңғы партияны ойнаудан тағы бас тартты

Магнус Карлсен Бибісара Асаубаевамен соңғы партияны ойнаудан тағы бас тартты
Фото: Tengrinews.kz / Маржан Куандыкова

Норвегиялық гроссмейстер Магнус Карлсен қазақстандық Бибісара Асаубаеваға қарсы "жылдам классика" форматындағы партияны ойнаудан қатарынан екінші рет бас тартты, деп хабарлайды Massaget.kz.

Магнус екінші ойын күні де блиц пен рапидте жеңіске жетті. Ал соңғы партияны ойнауға келмеді.  Бибісара Асаубаева қарсыласын ережеде белгіленген уақыт бойы күтті. Осы уақыт аяқталған соң қазақстандық шахматшыға техникалық жеңіс берілді.

Еске салайық, 17 қарашада Карлсен Асаубаеваны үш блиц-партияда жеңіп, біреуінде тең түскен. Рапидтегі екі партияда да басым түсіп, есепті 11,5:0,5-ке жеткізді. Осылайша, ол сол күнгі жеңісін мерзімінен бұрын қамтамасыз етті.

Алайда жеңімпазына 8 ұпай берілетін соңғы партияны ойнаудан бас тартты. Асаубаева қарсыласын тақта басында 15 минуттан астам күтті. Карлсен залға келіп, бас төреші Анастасия Сорокинамен сөйлескен соң ойын аймағынан шығып кеткен.

Белгіленген уақыт аяқталғаннан кейін оған техникалық жеңіліс тіркелді. Қазақстандық шахматшыға 8 ұпай беріліп, алғашқы күн Карлсеннің пайдасына 11,5:8,5 есебімен аяқталды.

Норвегиялық гроссмейстердің екінші рет ойнаудан бас тартуы оның рейтингін сақтап қалу жолындағы қулығы да болуы мүмкін. Қазір Карлсеннің классикалық шахматтағы рейтингі — 2801,2 ұпай. Егер Асаубаева онымен тең ойнағанда, Магнустың рейтингі соңғы 17 жылда алғаш рет 2800 ұпайдан төмен түсер еді.


Скриншот: chess.com

Сол күні Карлсеннен бөлек тағы екі гроссмейстердің нәтижесі іс жүзінде шешілгеннен кейін "жылдам классика" форматындағы партияға шықпаған.

Абхиманью Мишра үндістандық шахматшы Рамешбабу Вайшалиге қарсы ойнаудан бас тартты. Ол блиц пен рапидтен кейін 11:1 есебімен алға шығып, сол күнгі ойындағы жеңісін қамтамасыз еткен еді.

Ал Рихард Раппорт армениялық гроссмейстер Айк Мартиросянға қарсы партияға шықпады. Раппорт алғашқы күні 9:11 есебімен жеңілген. Екінші күні де блиц пен рапидтен кейін 2:10 есебімен ұтылып жатқан. Классикалық партиядағы жеңіс сол күнгі есепті ғана теңестіріп, матчтың жалпы нәтижесін өзгерте алмас еді.

О. Сансызбай
Logotype Massaget