Магнус Карлсен Бибісара Асаубаевамен соңғы партияны ойнауға келмеді

Магнус Карлсен Бибісара Асаубаевамен соңғы партияны ойнауға келмеді
Фото: instagram.com/totalchess/

Норвегиялық шахматшы Магнус Карлсен Венгрияда өтіп жатқан Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 турнирінің плей-офф кезеңіндегі алғашқы ойын күнінде мерзімінен бұрын жеңіске жетіп, Бибісара Асаубаевамен соңғы партияны ойнауға келмеді, - деп хабарлайды Massaget.kz. 

Бір ойын күнінің бағдарламасына төрт блиц, екі рапид және "жылдам классика" форматындағы бір партия кіреді. Карлсен блицте үш рет жеңіске жетіп, бір партияда тең түсті. Рапидтегі екі кездесуде де басым түсіп, есепті 11,5:0,5-ке жеткізді.

Классикалық партиядағы жеңіс үшін 8 ұпай берілетіндіктен, Асаубаева соңғы кездесуде жеңген күннің өзінде қарсыласын қуып жете алмайтын еді.

Қазақстандық шахматшы қарсыласын тақта басында ережеде белгіленген 15 минут бойы күтті. Осы уақыт аяқталған соң оған техникалық жеңіс берілді. Алғашқы ойын күні Карлсеннің пайдасына 11,5:8,5 есебімен аяқталды.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Total Chess (@totalchess)

Бас төреші Анастасия Сорокинаның айтуынша, норвегиялық шахматшы ойынға келмеудің салдарын төрешілерден алдын ала сұрап білген. Регламентте техникалық жеңілістен басқа қосымша жаза қарастырылмаған.

TV 2 телеарнасына берген сұхбатында Карлсен матчтың іс жүзінде аяқталғанын, сондықтан соңғы партияның турнир нәтижесіне әсер етпейтінін айтты. Сондай-ақ ол жеңімпаз мерзімінен бұрын анықталғаннан кейін өткізілетін партиялар рейтингке есептелмеуі керек деп санайды.

«Маған тағы классикалық партия ойнау керек пе? Жоқ, келмей-ақ қоятын шығармын! Менің түсінуімше, матч аяқталды. Ойынға келмеудің жалғыз салдары – ешқандай маңызы жоқ партияда жеңілген болып есептелу. Матч аяқталса, демек, аяқталды. Мұндай жағдайда қосымша партиялар ойналса да, олар рейтингке есептелмейді. Әрдайым солай болған. Ал мұнда басқаша деп есептесе... Жарайды. Менің шешімім — осы!», - деген.

FIDE бас директорының кеңесшісі Эмиль Сутовский норвегиялық шахматшының шешімін спорттық әдепке сай емес деп бағалады.

Total Chess негізін қалаушы әрі бас директоры Кьелл Мадланд Будапештегі турнирдің пилоттық жоба екенін атап өтті. Ұйымдастырушылар жағдайды талдап, қажет болса, серия 2027 жылғы наурызда толық іске қосылғанға дейін регламентті жетілдірмек.

Карлсен мен Асаубаева турнирдің 17-орны үшін өтетін матчқа жолдаманы сарапқа салып жатыр. Алғашқы күні жеңілген қазақстандық шахматшы екінші күні есепті теңестіруі керек. Есеп 1:1 болса, жеңімпаз "Армагеддон" форматындағы партияда анықталады. Жеңген шахматшы 17-орын үшін, ал жеңілгені 19-орын үшін ойнайды.

Massaget.kz
Logotype Massaget