Германия құрамасы футболдан әлем чемпионатының алғашқы матчінде жеңіліп қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Дохадағы "Халифа" стадионында Германия Е тобы аясында Жапония құрамасымен кездесті. Неміс футболшылары үшін бәрі сәтті басталған. Ойынды бірден бақылауына алды. 33-минутта Илькай Гюндоган пенальтиден гол соғып, Германияны алға шығарды. Бірінші тайм аяқталар тұста неміс футболшылары екінші голын соққан - бірақ Кай Хаверц офсайдта қалып, бұл доп есепке алынбады.
Екінші тайм да Германия құрамасының басымдығымен басталды, допқа көбірек иелік етті. Бірақ жапон футболшылары сәт сайын қарымта шабуылдар жасап, Мануэль Нойер қақпасын торуылдаумен болды. Бұл нәтижесін берді. 75-минуттағы жылдам шабуылдың бірі кезінде Нойер алғашқы соққыны тоқтата алса, кері серпілген допты Рицу Доан бос қақпада тулатты.
Ал кездесу соңына қарай азиялық құрама жеңісті жұлып әкетті. Тағы бір қарымта шабуыл жасап, Такумо Асано жақын бұрышқа жойқын соққы жасады. Соңғы ысқырыққа дейін неміс футболшылары есепті теңестіруге тырысқанымен, Жапония қорғаныста мығым болды. Қорытынды есеп - 2:1, жапон футболшылары сенсация жасады.
Енді Германия құрамасы келесі матчін 27 қарашада азулы Испания құрамасына қарсы өткізеді. Ал жапондар енді Коста-Рикамен күш сынасады.
Айта кетейік, бұған дейін Аргентина құрамасы күтпеген жерден Сауд Арабиясынан жеңіліп қалған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!