Қуат Хамитов ресейлік қарсыласын жеңіп, ТМД елдеріне үндеу жасады

Қазақстандық файтер Қуат Хамитов 30 қазанда Душанбеде өткен ACA 209 аралас жекпе-жек турнирінде мерзімінен бұрын жеңіске жетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстандық спортшы ресейлік Алексей Махноны нокаутқа түсірді. Жартылай орта салмақ дәрежесінде өткен кездесу екінші раундта аяқталды.

Айта кетейік, жекпе-жек алдында қарсыластар әлеуметтік желіде өзара сөз таластырған болатын: Хамитов қарсыласын зейнетке жіберуге уәде берсе, Махно "Найманның" сабасын беруді көздеген.

Кездесуден кейін Хамитов ТМД елдерін "бірлікте болуға" және "ұлтқа бөлінуді" тоқтатуға шақырды.

"Жақсы да, жаман да адамдар болады. Егер тату-тәтті өмір сүріп, бірімізді біріміз сыйласақ, тыныштық орнайды. Ал бейбітшілік бар жерде әрдайым даму мен бақыт болады", - деді қазақстандық файтер.

Осы жеңісінен кейін 38 жастағы Қуат Хамитов Sherdog платформасындағы кәсіби рекордын жаңартты: енді оның еншісінде 26 жеңіс, тоғыз жеңіліс және бір тең ойын бар.

36 жастағы Махно қатарынан төртінші рет жеңілді. Бұл ресейліктің мансабындағы 27 жеңісіне қарсы 14-ші жеңілісі болды.

Әлеуметтік желілердегі парақшаларымызға жазылыңыз: Telegram және Instagram.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!