Португалия құрамасы Катардағы әлем чемпионатын жеңіспен бастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
H тобы аясында португалиялықтар Гана құрамасымен кездесті. Ойынның бірінші таймы толығымен Португалия басымдығымен өтті. Бірінші таймда қарсылас қақпасына жеті соққы жасады. Ал Гана қорғаныста ойнап, еуропалық қарсыласының қақпасына үзіліске дейін соққы бағыттай алмады. Соған қарамастан бірінші таймда командалар есепті өзгерте алмады - 0:0.
Ал голдың бәрі екінші таймда соғылды. 65-минутта Криштиану Роналду пенальтиден гол соғып, Португалияны алға шығарды. Ал 73-минутта ганалық капитан Андре Айю таразы басын теңестірді.
Араға бес минут салып Жоау Феликс Португалияны тағы да алға шығарды. Ал екі минуттан соң Рафаэль Леау Португалияның үшінші голын салды.
Ойын мұнымен аяқталған жоқ. 89-минутта Осман Букари есеп айырмасын қысқарта алды. Бас төреші қосымша тоғыз минут қосса да, африкалық ұжым таразы басын теңестіре алмады. Қорытынды есеп - 3:2, Португалия құрамасы турнирді жеңіспен бастады.
Бұл ойында Роналду екі бірдей тарихи рекорд жасады. Құрама сапында он ірі турнирге қатысқан алғашқы футболшы атанды. Ол Еуро-2004 турнирінен бастап барлық жарысқа қатысқан. Одан бөлек, Криштиану бес әлем чемпионатында гол соққан алғашқы футболшы ретінде тарихта қалды.
Осы жеңістен кейін Португалия құрамасы Н тобында үш ұпаймен көш бастады. Уругвай мен Оңтүстік Корея еншісінде бір ұпайдан бар. Ал Гана әзірше төртінші орында.
Португалиялықтар келесі матчын 28 қарашада Уругвайға қарсы өткізеді. Ал Гана енді Оңтүстік Кореямен күш сынасады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!