Бүкіл әлем футбол патшасы Пелемен қоштасып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Аргентиналық Лионель Месси Instagram-парақшасында шағын жазба жариялады: "Жатқан жерің жайлы болсын, Пеле".
Ал португалиялық Криштиану Роналду көлемді пост жариялап, аңызбен қоштасқан.
"Бүкіл Бразилияға, әсіресе Пеленің отбасына көңіл айтамын. Мәңгілік патша Пелеге "қош бол" дей салу қазір бүкіл футбол әлеміндегі қайғыны білдіру үшін жеткіліксіз. Кеше, бүгін, әрқашан көптеген миллиондаған адамға шабыт берген тұлға. Арамыз алыс болса да, оның маған көрсеткен сүйіспеншілігін мен де оған көрсететінмін. Ол ешқашан ұмытылмайды және оның ізі әрбір футбол жанкүйерінде мәңгі сақталады. Жатқан жерің жайлы болсын, патша Пеле", - деп жазды Роналду.
Бразилиялық Неймар аңыз отандасын еске алып, ол футболды өзгерткенін жазған.
"Пелеге дейін 10 деген жай ғана сан болатын. Мен бұл сөзді бір жерде оқығанмын. Ол әдемі, бірақ толық емес. Пелеге дейін футбол жай ғана спорт болған дер едім. Ол бәрін өзгертті. Ол футболды өнерге, ойын-сауыққа айналдырды. Ол кедейлерге, қара нәсілділерге және бүкіл Бразилияға үн қатты. Футбол мен Бразилия патшаның арқасында мәртебесін көтерді. Ол кетіп қалды, бірақ оның сиқыры қалды. Пеле мәңгілік!", - деп жазды Неймар.
Француз Килиан Мбаппе былай деп жазды:
"Футбол патшасы арамыздан кетті, бірақ оның мұрасы ешқашан ұмытылмайды. Жатқан жерің жайлы болсын, Патша", - деді ол.
Бразилиялық Роналдо Пеле қандай футболшы болғанына тоқталған.
"Бірегей. Керемет. Техникасы мықты. Шығармашыл. Мінсіз. Қайталанбайтын. Пеле қайда келсе, сонда қалды. Ешқашан шыңнан түспей, бүгін бізді тастап кетті. Футбол патшасы біреу. Барлық уақыттағы ең ұлы футболшы... Рақмет, Пеле. Жатқан жерің жайлы болсын", - деп еске алды ол.
Германиялық Месут Озил енді Пеле мен Марадона бірге футбол ойнай алатынын жазған.
"Ұлы аңыздардың бірі, жатқан жерің жайлы болсын. Сіздің мұраңыз мәңгі сақталады. Марадона мен Пеле ойнайтын "Көкте" ФК ешқашан жеңілмейтініне сенімдімін", - деді ол.
Норвегиялық Эрлинг Холанд: "Басқа бір ойыншы істеген кез келген нәрсені көрсеңіз, оны бірінші болып Пеле жасаған. Жатқан жерің жайлы болсын" деп жазба жариялады.
Зинедин Зидан болса, "Мәңгі патша - Пеле" деп жазба жариялады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!