Көркем жүзуден әлем кубогы: Қазақстан қоржынына алғашқы медаль түсті

Қазақстан құрамасы Испанияның Понтеведра қаласында өтіп жатқан артистикалық жүзуден Әлем кубогы кезеңінде алғашқы жүлдесіне қол жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ұлттық олимпиадалық комитеттің мәліметінше, халықаралық турнирдің алғашқы күнінде қазақстандық спортшылар қола медаль жеңіп алды.

Аралас дуэттердің техникалық бағдарламасында Ясмина Исламова мен Алдияр Рамазанов үздік үштіктен көрінді. Қазақстандық жұп төрешілерден 208,6150 ұпай алып, үшінші орынға ие болды.

Бұл сында Ұлыбритания өкілдері Изабель Торп пен Ранджуо Томблин 225,9034 ұпаймен жеңімпаз атанды. Испаниялық Карла Лоренцо Льюска мен Энеко Санчес Агилар 210,8792 ұпай жинап, күміс медаль иеленді.

Қазақстандық тағы бір жұп – Артур Майданов пен Айғаным Сайым жүлделі орынға бір қадам жетпей тоқтады. Олар 207,0650 ұпаймен төртінші орын алды.

Осылайша Қазақстан құрамасы Әлем кубогы кезеңіндегі медальдар есебін қола жүлдемен ашты.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!