UFC-дің файтері, промоушеннің бұрынғы қос дүркін чемпионы Конор Макгрегор UFC 329 турнирінде америкалық Макс Холлоуэймен жекпе-жек өткізеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
UFC баспасөз қызметінің мәліметінше, жартылай орта салмақтағы кездесу 11 шілдеде Лас-Вегаста (АҚШ) өтеді.
Айта кетейік, Макгрегор мен Холлоуэй осыдан 12 жыл бұрын, 2013 жылғы тамызда кездескен болатын. Ол кезде төрешілердің бірізді шешімімен ирландиялық спортшы жеңіске жеткен еді.
Ирландиялық файтер екі дивизионның үздігі болды. Ол тарихта бір мезгілде екі салмақ дәрежесінде чемпиондық титулды иеленген алғашқы адам атанды.
Қазір Конор Макгрегордың октагонға шықпағанына 4 жылдан асты. Ол кейінгі жекпе-жегін 2021 жылғы 11 шілдеде UFC 264 турнирінде өткізді. Ол кезде оған қарсы бітіспес қарсыласы, америкалық Дастин Порье шыққан еді (ол кезде Конор екеуінің арасындағы есеп 1:1 еді).
Үшінші кездесу тартысты әрі қызық болады деп болжанғанымен, ирландиялық жұлдыз бірінші раундта-ақ аяғын сындырып алып, жекпе-жекті жалғастыра алмады. Нәтижесінде оған техникалық жеңіліс есептеліп, Порье трилогияның жеңімпазы атанды.
Америкалық спортшы - UFC тарихындағы ең үздік файтерлердің бірі, жартылай жеңіл салмақтағы бұрынғы чемпион. Көп жылдар бойы ол жартылай жеңіл салмақ дәрежесіндегі жетекші файтерлердің бірі саналып келді.
2017 жылғы маусымда UFC 212 турнирінде Макс бразилиялық Жозе Алдуды үшінші раундта нокаутқа түсіріп, жартылай жеңіл салмақтағы UFC чемпионы атағын жеңіп алды. Одан кейін ол өз атағын үш рет сәтті қорғап қалды.
Кейінірек Холлоуэй жеңіл салмақта да өнер көрсете бастады. 2024 жылғы сәуірде UFC 300 турнирінде ол BMF титулы үшін өткен жекпе-жекте Джастин Гейджимен кездесті. Бесінші раундтың соңғы секундында Макс қарсыласын нокаутқа түсіріп, осы белбеудің иегері атанды.
Содан кейін ол бұл титулын америкалық Дастин Порьеге қарсы кездесуде қорғап, Порьені жеңу арқылы осы белбеуді алғашқы болып сақтап қалған файтер атанды.
Кейінгі жекпе-жегінде, 2026 жылғы наурызда Холлоуэй UFC 326 турнирінде бразилиялық Чарльз Оливейрадан төрешілердің бірізді шешімімен жеңіліп, BMF чемпиондық атағынан айырылды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!