“Команда айтарлықтай өсті“: бапкер Панфилов Олимпиада-2026 нәтижесін қорытындылады

Қазақстан құрамасы конькимен жүгіруден Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы Олимпиада ойындарында жарыс жолын аяқтады. Команданың бас бапкері Александр Панфилов Олимпиаданы қорытындылап, спортшылардың айтарлықтай өскенін атап өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Бұл Олимпиададағы соңғы жарысымыз әйелдер арасындағы масс-старт болды. Елизавета Голубева финалға дейін жетті. Жартылай финалда жақсы уақыт нәтижесін көрсетіп, араға небәрі 1 сағат 10 минут салып шешуші кезеңде қайта жарыс жолына шықты. Қашықтықта ол осы жарыстың жеңімпазы атанған нидерландтық спортшының соңынан ілесіп отырды. Біздің жоспарымыз - соның ырғағына ілесіп отыру еді. Жалпы, сол тактика сақталды", - деді Александр Панфилов. 

Алайда жарыс кезінде спортшылар бір-біріне соқтығысып, бәсеке өте тартысты өтті.

"Елизавета тәжірибелі спортшы болғанымен, шешуші сәтте қарсыластарының қарқынына ілесе алмай қалды. Жалпы нәтиже, әрине, біз күткендей болмады. Кем дегенде бір медаль аламыз деп жоспарлаған едік. Себебі біздің құрам өте мықты болды. Евгений Кошкин мен Надежда Морозова әлемдік рейтингте алдыңғы қатарда тұр. Дегенмен бұл Олимпиада команда үшін табысты өтті деуге болады. Надежда Морозованың алтыншы орны - қазақстандық конькимен жүгіру спорты үшін соңғы 28 жылдағы ең жоғары нәтиже. Сондай-ақ Елизавета Голубева 1500 метрде жетінші, Евгений Кошкин 500 метрде тоғызыншы, Голубева 3000 метрде оныншы орын алды. Команда айтарлықтай дамыды.
Дайындыққа атсалысып, қажетті жағдай жасаған барлық маманға алғыс айтамыз. Біздің спорт көпжылдық кезеңнен тұрады. Сондықтан кей бағытта дайындық жетпей қалды деп ойлаймын", - деді Александр Панфилов. 

Бапкер Павел Абраткевич командамен екі жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде айтарлықтай ілгері дамыдық. Қазір құрамда үш қыз бар: тәжірибелі Елизавета Голубева мен Надежда Морозова, сондай-ақ, бір маусымның ішінде үлкен серпіліс жасаған Арина Ильященко.

"Маусым басында оның Әлем кубогы кезеңдеріне қатысуға қажетті көрсеткіші де болмаған. Бірақ, алғашқы халықаралық жарыстың өзінде-ақ квота талаптарын орындады. Маусым бойы нәтижесін біртіндеп жақсартып, соңғы кезеңде В тобында жүлдеге ілікті. Енді А тобында жарысуына мүмкіндік бар. Біз Олимпиадада командалық із кесу жарысына да қатыстық. Бұл дисциплинада Қазақстан құрамасы алғаш рет өнер көрсетті. Қашықтықта лайықты уақыт нәтижесін көрсетіп, алғашқы айналымдарда нидерландтық спортшылармен иық тірестіре жарыстық. Өкінішке қарай, Арина Ильященко құлап қалды. Негізі, жартылай финалға шығып, үздік төрттікке ілігуге толық мүмкіндігіміз бар еді. Осы құраммен бар-жоғы үш халықаралық жарысқа ғана қатыстық. Бастапқыда басқа құрам жоспарланған, бірақ маусым барысында Арина өзін жақсы қырынан көрсетті", - деді Александр Панфилов. 

Евгений Кошкин тұрақты нәтиже көрсете алмады әрі оған психологиялық тұрғыдан да қиындау болды.

"Бұл - оның алғашқы Олимпиадасы, өзі жас, болашағы әлі алда. Соған қарамастан, барлық спортшының ішінде ең жылдам қарқын ала білді. Кристина Силаева да - әлеуеті жоғары жас спортшы. Жаттықтырушылар штабына алғыс айтамын. Бізде кәсіби команда бар: механиктер, массажист, дәрігер - осы цикл бойы көмектескен жандардың бәріне рақмет. Алда да нәтижелер күтеміз. Алдағы жоспар - әлем чемпионатына қатысу. Надежда Морозова қазір бабында. Төрт қашықтықта көрсеткен нәтижелерінің жиынтығы бойынша ол жоғары орындарға таласа алады", - деді маман.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!