Килиан Мбаппе футбол аңызын басып озып, рекорд жаңартты

Мадридтік "Реалдың" шабуылшысы Килиан Мбаппе тарихтағы ең нәтижелі француз футболшылары тізімінде екінші орынға көтерілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Испания чемпионатының 20-туры аясында "Левантеге" қарсы өткен ойында соққан голы 27 жастағы шабуылшының кәсіби мансабындағы 412-голы болды.

Осы нәтижемен Мбаппе 411 голмен мансабын аяқтаған Тьерри Анриді басып озып, екінші орынға шықты.

Айта кетейік, француз бомбардирлері көшін бұрынғы "Реал" ойыншысы, "Алтын доптың" иегері Карим Бензема бастап тұр. Қазір ол Сауд Арабиясында өнер көрсетеді.

Францияның үздік сұрмергендері:

  • Карим Бензема - 513 гол
  • Килиан Мбаппе - 412 гол
  • Тьерри Анри - 411 гол

Тьерри Анри - футбол аңызы

Анри ең алдымен "Арсеналдағы" өнерімен танымал болды: ол бұл клубта 1999–2007 жылдары ойнады. Сондай-ақ, ол "Барселонада" да өнер көрсетіп, командамен бірге 2009 жылы Чемпиондар лигасын жеңіп алды.

1998 жылы Анри Франция құрамасының сапында әлем чемпионы атанса, кейін 2000 жылы Еуропа чемпионатын да жеңіп алды.

Бұған дейін БАҚ-та мадридтік "Реалдың" Норвегия құрамасы мен "Манчестер Сити" шабуылшысы Эрлинг Холандты сатып алуды көздеп отырғаны туралы ақпарат тараған. Трансфер құны 500 миллион еуроға дейін жетуі мүмкін.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!