Қазақстандық хоккейші Дамир Рыспаев Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) ойындарына қатыса алады. Спортшы жақын күндері "Барыс" сапына оралатын болады, - деп хабарлайды "Чемпионат".
2016 жылдың тамыз айында ҚХЛ қазақстандық хоккейшіні мерзімсіз уақытқа жазалаған еді. Себебі "Барыс" сапында ойнап жүрген Дамир маусым алдындағы ойындардың бірінде жаға жыртысқан-ды. Нақтырақ айтсақ, Қытайдың "Кунлунь Ред Стар" командасына қарсы ойында бірнеше ойыншыны қуып жүріп сабаған еді. Тіпті Томаш Марцинко Дамирмен болған жекпе-жектен кейін ауруханадан бір-ақ шыққан болатын. Нәтижесінде ҚХЛ-дің қаһарына ұшыраған-ды.
Қыркүйек айында тәртіптік–бақылау комитеті хоккейшіге Жоғарғы хоккей лигасында "Торпедо" командасы сапында ойнауға рұқсат берді. Ал құрлықтық хоккей лигасының есігі жабық қалған болатын.
Айта кетейік, Дамир Рыспаев Өскемен хоккей мектебінің түлегі.
О. Сансызбай