- Негізгі бет
- Спорт
- Кеңес Рақышев ҚБФ...
Кеңес Рақышев ҚБФ президенті ретінде қалай есте қалды?
Қазақстандық кәсіпкер Кеңес Рақышев 2019 жылдың қазан айынан бері тізгіндеп келген Қазақстан бокс федерациясы президенті қызметінен кетті. 2024 жылдың 5 ақпанынан бастап ҚБФ-ның құрметті президенті лауазымына ие болды. Ол ҚБФ президенті болған тұста жеке қаражатынан 7 064 000 доллар және 1,15 миллиард теңге жұмсады.
Кәсіпкер Кеңес Рақышевтің айтуынша, өзі басшылық жасаған уақыт аралығында федерация көптеген жетістіктерге жетті, оның ішінде ең бастысы ретінде Қазақстан құрамасының Өзбекстан мен Үндістанда өткен әлем чемпионатында жоғары нәтиже көрсетуін айтуға болады. Ерлер құрамасы Ташкентте 4 алтын және 1 күміс медаль еншілесе, әйелдер құрамасы Нью-Делиде 2 күміс және 4 қола медальға қол жеткізді.
Қазақстан ерлер құрамасының Өзбекстанда өткен әлем чемпионатындағы өнері – тарихи жетістік. Жүлде саны бойынша шет елде өткен жарыстардағы жоғары нәтижені көрсетті. 2013 жылы осындай жетістік Алматыдағы әлем чемпионатында болған, бірақ басты бәсекелес шаршы алаңында үздік өнер көрсету үлкен мақтаныш. Нью-Делидегі әлем чемпионатында қыздарымыз қазақ бокс мектебінің озық үлгісін көрсетіп, әлемнің үздік құрамаларымен шайқасты. Бұл да шетелде өткен жарыстардағы ең көп алған жүлдеміз, оның екеуін финалда еншіледі, - дейді кәсіпкер.
Қазақстандық бокс жалпы көрсеткіштер тұрғысынан да өзінің әлеуетін көрсетті. Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) жаңарған рейтингінде Қазақстан Ташкенттегі әлем чемпионатындағы нәтижесі бойынша 81 000 ұпаймен бірінші орынға шықты. Федерация басшылығының айтуынша, мұндай жоғары көрсеткіш – біздің әрбір боксшымыздың жұмысының нәтижесі.
Бұдан өзге Қазақстан құрамасының Ханчжоуда өткен Азия ойындарындағы өнерін де айта кетуге болады. Онда олар 2 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. Ал Астанада өткен жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жас боксшыларымыз 15 алтын, 11 күміс, 15 қола жүлде еншіледі. Бангкокта өткен 22 жасқа дейінгі Азия біріншілігінде де отандастарымыз 5 алтын, 3 күміс, 12 қола медаль иеленді. Ереванда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 4 алтын және 6 қола жүлде бұйырды.
Қазақстан бокс федерациясы жаттықтырушылар мен төрешілер семинарларын жиі ұйымдастырып, отандық мамандардың білігін жаңа деңгейге көтеру мақсатында іс атқарды. Қазіргі таңда қазақстандық 13 төреші IBA-ның ең жоғарғы 3 жұлдызды категориясына ие, жуық арада қатары тағы артады.
Қазіргі таңда ҚБФ осы жазда Парижде өтетін Олимпиада ойындарына қызу дайындалуда. Федерация басшылығы айта кеткендей, қазақстандық боксшылардың болашақ іргетасы берік қаланған.
Ташкентте жеңіп алған бес медаль жай жүлде емес, бұдан кейінгі жеңістердің психологиялық бастауы да. Біздің боксшылар өздеріне әрқашан сенімді, олар әлемде үздік деп мойындалып та үлгерген және жаңа жетістік шыңын бағындыруға дайын тұрғандар. Сонымен қатар бұл жеңіс оларға жанкүйерлердің, мемлекеттің, министрліктің, халықаралық қоғамдастықтың назарын және қолдауын арттырады, - дейді Кеңес Рақышев.
• PR
О. Сансызбай