Индира Бектенова 2026 жылы Жапонияда өтетін ХХ жазғы Азия ойындарына ресми түрде шақырту алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҰОК-қа сілтеме жасап.
Құрлық додасында Индира Бектенова байдарка мен каноеде есу спортынан халықаралық техникалық төреші (ITO) ретінде қызмет атқарады.
Ол осы спорт түрінде Қазақстаннан шыққан алғашқы халықаралық санаттағы әйел төреші ретінде тарихта қалды.
"Мен үшін Қазақстан атынан ірі халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап, әйелдер арасында халықаралық санатқа ие болған алғашқы қазақ төреші атану - үлкен мәртебе. Бұл - көпжылдық еңбектің, халықаралық тәжірибенің және әлемдік спорт ұйымдарының сенімінің нәтижесі", - деді Индира Бектенова.
Айта кетейік, ХХ жазғы Азия ойындары 2026 жылы 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Нагоя қаласы мен Айти префектурасында өтеді. Жарыс бағдарламасына 41 спорт түрі енген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова