Қазақстандық теннисшілер АЧ-ның ширек финалына шығу үшін бақ сынайды

Өзбекстанның Ташкент қаласында үстел теннисінен Азия чемпионаты жалғасып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҰОК-қа сілтеме жасап.

Қазақстан ерлер құрамасы кезекті жеңісіне қол жеткізіп, құрлық біріншілігінің ширек финалына шығуға бір қадам жақындай түсті.

Плей-офф кезеңінде қазақстандық теннисшілер Малайзия құрамасын 3:0 есебімен жеңді. Енді ұлттық құрама Ирак командасымен кездеседі. Бұл матчта жеңіске жетсе, отандастарымыз ширек финалға жолдама алады.

Қазақстан атынан ерлер арасындағы командалық жарыста Кирилл Герасименко, Алан Құрманғалиев, Санжар Жұбанов, Айдос Кенжіғұлов және Ескендір Харки өнер көрсетіп жатыр.

Бұған дейін топтық кезеңде қазақстандық спортшылар Филиппинді (3:0) және Шри-Ланканы (3:1) жеңіп, өз тобында бірінші орын алған еді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз