Қазақстандық теннисші тарихи жетістікке қол жеткізді

Қазақстандық теннисші тарихи жетістікке қол жеткізді
Фото: ktf.kz

Әлемдік рейтингте 247-орында тұрған қазақстандық теннисші Бейбіт Жұқаев Шарлотсвиллдегі (АҚШ) "Челленджер" турнирінде топ жарды. Ол бұл санаттағы жарыста алғаш рет жеңімпаз атанып отыр. 

Отандасымыз финалда америкалық теннисші Эйдан Майоны 6:3 және 6:4 есебімен ұтты. Ойын 1 сағат 16 минутқа созылып, Бейбіт 11 эйс жасады. Бірде-бір рет қатарынан екі қателік жасаған жоқ. 

23 жастағы қазақстандық теннисші мансабында алғаш рет "Челленджер" жарысында үздік атанып, тарихи жетістікке қол жеткізді. 10 840 АҚШ доллары көлемінде сыйақы мен 75 рейтингілік ұпай иеленді. 

Бейбіт Жұқаев осы жетістігінен кейін АТР рейтингінде 247-орыннан 195-ке көтеріледі. Нәтижесінде Қазақстанның екінші ракеткасы атанады. 

Қазақстан теннис федерациясының демеушілері – "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" акционерлік қоғамы және Sport Qory спортты қолдау қоры.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

О. Сансызбай