- Негізгі бет
- Спорт
- Қазақстандық танымал балуан...
Қазақстандық танымал балуан сауда орнында ер адамды соққыға жыққан
Грек-рим күресінен ұлттық құрама балуаны Алмат Кебіспаевтың басы дауға ілікті. Ол 6 қыркүйек күні Алматыдағы сауда орындарының бірінде ер адамды соққыға жыққан, - деп жазады Krisp Almaty парақшасы.
Әлеуметтік желідегі парақшаға оқырмандарының бірі хат жазған. Оның айтуынша, қызының туған күнін атап өтіп жүргенде ойын алаңындағы балалар арасында келіспеушілік туындаған. Алдымен бір әйел келіп, кішкентайларының тәртібін бақылауды сұраса, артынан екі жігіт келген. Бірі оны балалардың көзінше бетінен ұрып құлатқан.
Krisp Almaty ақпараты бойынша, ұрған қазақстандық танымал балуан – Алмат Кебіспаев. Ол әлем чемпионатында 5 рет (2 күміс, 3 қола) жүлде алған, 2 рет Азия чемпионатында топ жарған. Жәбірленуші полицияға шағым жазған.
Алмат Кебіспаев қазіргі таңда Белградтағы әлем чемпионатында. Алдағы күндері 67 килоға дейінгі салмақта боз кілемге шығатын болады. Ал сауда үйіндегі оқиғадан кейін оның әлеуметтік желідегі парақшасына қаралап жазған желі қолданушыларының саны артқан.
Бұған дейін дәл осындай оқиға Астанада кәсіпқой боксшы Бейбіт Шүменовтің қатысуымен де болған. Ол кезде де спортшы балалар арасындағы дау кезінде жәбірленушіні соққыға жыққан болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
О. Сансызбай