Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Зейнеп Оразхан допинг дауымен үш жылға жарыстардан шеттетілді. Сондай-ақ ол әлем чемпионы атағынан айырылды, деп хабарлайды Massaget.kz Халықаралық допинг-тестілеу агенттігіне (ITA) сілтеме жасап.
Зейнеп Оразхан 2024 жылы аралас жекпе-жектен GAMMA әлем чемпионатында 72,6 келіден жоғары салмақ дәрежесінде жеңіске жеткен. Сол жарыста спортшыдан алынған допинг сынамасынан тыйым салынған зат бары анықталған.
ITA мәліметінше, қазақстандық спортшы шығарылған шешіммен келіскен. Бұл оның жарыстардан шеттетілу мерзімін қысқартуға мүмкіндік бергенімен, әлем чемпионы атағын сақтап қалуға негіз болмаған.
«Допинг қолданғанын ерте мойындауына байланысты спортшы GAMMA допингке қарсы ережелерінің 10.8.1-бабына сәйкес жарыстардан шеттетілу мерзімін бір жылға қысқартуға құқылы болды. Үш жылдық шеттету мерзімі 2026 жылғы 20 қазаннан 2029 жылғы 19 қазанға дейінгі кезеңді қамтиды. Сонымен қатар спортшының 2024 жылғы GAMMA әлем чемпионатындағы жекелей нәтижелері жойылып, ол медальдарынан, ұпайлары мен жүлделерінен айырылады. Спортшының сынама алынған күннен, яғни 2024 жылғы 14 желтоқсаннан бастап жарыстарда көрсеткен барлық жекелей нәтижесі де жойылады», — деп жазылған ұйым мәлімдемесінде.
Айта кетейік, допингке қатысты іс қаралып жатқан кезде Зейнеп жарыстарға қатысуын жалғастырған. Мәселен, қазанда ол жекпе-жектен Қазақстан чемпионы атанды.
Әзірге спортшы допингке қарсы ұйымның шешіміне қатысты әлеуметтік желілерде пікір білдірген жоқ.