Шахтинск қаласының 19 жасар тумасы Руслан Фатахов белтемірге тартылу бойынша бес жаңа рекорд орнатып, Гиннестің рекордтар кітабына енді.
Руслан жастайынан спортты жанына серік еткен. Алғашында ол грек-рим күресін жақсы көрді, содан кейін жеңіл атлетикамен, футболмен, баскетболмен, волейболмен айналысты. 16 жасында стритлифтингке ден қоя бастаған.
"Спорт – бұл менің өмірлік ұстанымым. Мен жеңіске жеткенді, бірінші болуды жақсы көремін. Стритлифтинг – мен үшін үлкен сынақ. Басында дұрыс тартыла алмадым, бірақ тынымсыз жаттығулар нәтиже берді. Былтыр дене салмағыма + 32 келі қосып тартылу бойынша рекорд орнатып, әлем чемпионы атандым. Чемпионат Киевте өтті", - деді Руслан.
Руслан өткен жылдың қазан айында Гиннестің рекордтар кітабына "қосымша салмақпен тартылу" санатына өтінім берді. Ол осы санаттағы барлық жеті рекордты жаңартуға шешім қабылдаған. Биыл сәуірде спортшы екі жаттықтырушының куәгерлігімен және фотосурет пен бейнелерді пайдалана отырып жаттығуларды жасады. Бейнежазбаны және қажетті құжаттарды жіберген Руслан алты айға жуық уақыт бойы жауап күтті. Жақында ол бес рекорд жаңартқаны туралы хабарлама алды. Бұл рекорд – өз салмағына + 45 кг қосып минутына 20 рет тартылу, өз салмағына + 27 кг қосып минутына 31 рет тартылу, өз салмағына + 18 кг қосып минутына 39 рет тартылу, кері ұстап өз салмағына + 27 кг қосып 29 рет тартылу және өз салмағына + 18 кг қосып минутына 35 рет тартылу. Тағы екі санат бойынша хабар жоқ.
"Мен Гиннестің рекордтар кітабына енгеніме қуаныштымын. Екі категория бойынша маған қосымша құжаттарды жіберуді сұрады, әлі жауап келген жоқ. Бұл санаттар бойынша да рекорд жаңартамын деп үміттенемін. Қазір Ресейде шет тілін меңгеріп жатырмын. Болашақта жеке жаттығулар мен стритлифтинг секциясын ашып, адамдарға өз білімім мен тәжірибемді бөліскім келеді", - дейді спортшы.
Спортшының рекордтары туралы ақпарат Гиннестің рекордтар кітабының ресми сайтында да бар.