Дәл қазір Қазақстан шахматшылары алыс-жақын шет елдерде өтіп жатқан сайыстарда ел намысын қорғап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жуырда Ханчжоу қаласындағы ХІХ жазғы Азия ойындарында өнер көрсеткен Ұлттық құрама ойыншылары арада көп уақыт өтпей Qatar Open халықаралық турниріне аттанды. Атап айтар болсақ, 10-21 қазан аралығында Доха қаласында Ринат Жұмабаев, Қазыбек Нөгербек, Әлішер Сүлейменов, Бибісара Асаубаева, Алуа Нұрманова жүлдеге таласады.
Бұл жарыс 9 раунд, яғни швейцариялық жүйе бойынша өтеді. Уақыт бақылауы 40 жүріс үшін 90 минут. Содан кейін ойынның қалған бөлігі үшін 30 минут, 1-ші қозғалыстан кейін әр жүріске 30 секундтан. Қатардағы турнирге барлығы 168 спортшы қатысып жатыр.
Тағы бір маңызды жарыс – Италияның Сардиния аралындағы Пула коммунасында басталған 20 жасқа дейінгілер арасындағы рапид пен блицтен әлем чемпионаты. Қазанның 9-ы мен 16-сы аралығында 26 мемлекеттен жиналған 135 спортшы жыл үздіктерін анықтайды. Бұл қатарда 8 қазақстандық бар. Олар: Арыстан Исанжулов, Назерке Нұрғали, Лия Құрманғалиева, Әбілмансұр Әбділқайыр, Әмина Қайырбекова, Ксения Балабаева, Зейнеп Сұлтанбек, Айжарық Әбілмансұр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз