Қазақстандық шахматшылар екі ірі бәсекеде сынға түсіп жатыр

Қазақстандық шахматшылар екі ірі бәсекеде сынға түсіп жатыр
Фото: kazsports.kz

Дәл қазір Қазақстан шахматшылары алыс-жақын шет елдерде өтіп жатқан сайыстарда ел намысын қорғап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жуырда Ханчжоу қаласындағы ХІХ жазғы Азия ойындарында өнер көрсеткен Ұлттық құрама ойыншылары арада көп уақыт өтпей Qatar Open халықаралық турниріне аттанды. Атап айтар болсақ, 10-21 қазан аралығында Доха қаласында Ринат Жұмабаев, Қазыбек Нөгербек, Әлішер Сүлейменов, Бибісара Асаубаева, Алуа Нұрманова жүлдеге таласады.

Бұл жарыс 9 раунд, яғни швейцариялық жүйе бойынша өтеді. Уақыт бақылауы 40 жүріс үшін 90 минут. Содан кейін ойынның қалған бөлігі үшін 30 минут, 1-ші қозғалыстан кейін әр жүріске 30 секундтан. Қатардағы турнирге барлығы 168 спортшы қатысып жатыр.

Тағы бір маңызды жарыс – Италияның Сардиния аралындағы Пула коммунасында басталған 20 жасқа дейінгілер  арасындағы рапид пен блицтен әлем чемпионаты. Қазанның 9-ы мен 16-сы аралығында 26 мемлекеттен жиналған 135 спортшы жыл үздіктерін анықтайды. Бұл қатарда 8 қазақстандық бар. Олар: Арыстан Исанжулов, Назерке Нұрғали, Лия Құрманғалиева, Әбілмансұр Әбділқайыр, Әмина Қайырбекова, Ксения Балабаева, Зейнеп Сұлтанбек, Айжарық Әбілмансұр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лес
Logotype Massaget