- Негізгі бет
- Спорт
- Қазақстандық мергендер Кувейтке...
Қазақстандық мергендер Кувейтке ұшады
Кувейтте 18-24 наурызда мергендер арасында "Шейх Кубогы" турнирі өткелі жатыр. Қазақстанның намысын 15 мерген қорғайтын болды. Бұлар осыдан бұрын мергендер арасындағы Қазақстан біріншілігінде үздік мергендер іріктеліп алынған болатын. Бұл біріншілікке еліміздің барлық облыстарынан 120 спортшы қатысты. Сайыс Алматы қаласында өткен болатын. Сайыстың ережесі бойынша, мергендер ең алдымен пневматикалық қарудан оқ атып, бақтарын сынап көрді. Содан соң қолдарына ұсақ калибрлі қару алды. Командалық есеп ең үздік 3 спортшының нәтижелерін негізге ала отырып жасалды. Бәрінен бұрын біріншіліктің суперфиналы қызық болды. Суперфиналда бір әйел адам мен ер адам жұп болып шығуы міндеттелген еді. Команданың құрамы жеребе тарту арқылы анықталды. Командалық чемпионат 14 наурызда аяқталды.
Осылайша жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар деп танылған спортшылар анықталды. Аттарын атап өтелік: Зәуреш Байбосынова, Әсел Беркина, Әлия Ыдырысова, Вячеслав Подлесный, Рашид Юнусметов, Владимир Исаченко, Максим Мазепа, Ратмир Миндияров, Александр Ермаков, Ольга Довгун, Полина Тышова, Марина Добрыкова, Александра Малиновская және Юлия Дрышлюк. Қазақстандық құраманың бас бапкері Әнуар Юнусметов. Оның айтуынша, ел біріншілігі аяқталған соң, іріктелген мергендердің ешқайсысы үйлеріне қайтпай, дайындық үстінде болды. "Спортшыларға ешқандай міндет артып отырған жоқпын, Лондондағы олимпиада қарсаңында біраз тәжірибе жинап қайтамыз деген ниетіміз бар", - деді бапкер.
Аманшылық болса, ұлттық құрама алдымыздағы жексенбі күні, яғни, 18 наурызда Алматы әуежайынан Кувейтке жол тартпақ. Отандастарымызға ақ жол тілеп қоялық.
сурет: alasharena.kz