- Негізгі бет
- Спорт
- Қазақстандық кәсіпқой боксшылар...
Қазақстандық кәсіпқой боксшылар әйгілі Теренс Кроуфордпен спарринг өткізді
Кәсіпқой бокста бақ сынап жүрген қазақ боксшылары Абылайхан Жүсіпов (3-0, 2 КО) пен Әбілхан Аманқұл (4-0, 3 КО) америкалық танымал былғары қолғап шебері Теренс Кроуфордпен (39-0, 30 КО) спарринг өткізді. Ол қазіргі таңда әлемдегі ең үздік боксшылардың бірі.
Қазақ боксшылары қазір АҚШ-та оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Ал Теренс Кроуфорд 29 шілде күні Лас-Вегаста өтетін отандасы Эррол Спенске (28-0, 22 КО) қарсы жекпе-жекке дайындалуда. Екеуі жартылай орта салмақта барлық белбеуді сарапқа салады.
Абылайхан Жүсіпов пен Әбілхан Аманқұлдан бөлек АҚШ-та Бек Нұрмағанбет пен Евгений Павлов та жаттығуда. Suleimen Promotions боксшылары белгілі жаттықтырушы Қанат Орақбаевтың баптауымен кезекті жекпе-жектеріне дайындалуда. Бұған дейін олар екінші орта салмақта абсолютті әлем чемпионы Сауль «Канело» Альвареспен де бірге жаттыққан болатын.
Айта кетейік, бұған дейін Теренс Кроуфордпен Батыр Жүкембаев та спарринг өткізген еді.
Теренс Кроуфорд – жартылай орта салмақта WBO белбеуінің иегері, ал Эррол Спенс болса бұл салмақта IBF, WBC және WBA атақтарына ие. Жеңгені абсолютті чемпион атанады.
О. Сансызбай