Қазақстандық қақпашы 23 жасында мансабын аяқтады

"Тараз" футбол клубының қақпашысы Әлішер Сүлеймен 23 жасында кәсіби мансабын аяқтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Massaget.kz клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Клуб қақпашыға маусым бойғы еңбегі мен командаға қосқан үлесі үшін алғыс айтып, өмірінің жаңа кезеңіне сәттілік тіледі.

– "Тараз" сапында өткізген осы маусым үшін рақмет! Жаттығудағы еңбегің, алаңдағы сабырлылығың мен жауапкершілігің үшін алғыс айтамыз. Командаға алаңда да, одан тыс жерде де қосқан үлесің біз үшін қымбат.

Кәсіби мансапты аяқтау оңай емес. Артта талай жылғы жаттығулар, жиындар, жеңістер мен тартысты матчтар қалды. Алдағы өміріңде футболдай жаныңа жақын іс табуыңа тілектеспіз! - деп жазды клубтың баспасөз қызметі.

Әлішер Сүлеймен – елордалық "Жеңіс" клубының түлегі. Ол кәсіби мансабында "Атырау" және "Жеңістің" негізгі командасы сапында да өнер көрсетті.

Қақпашы 2026 жылғы қаңтарда "Атыраудан" "Таразға" еркін агент ретінде ауысқан болатын.

Сүлеймен Қазақстанның 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы сапында бір матч өткізген. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз