Қазақстандық жас шахматшылар әлем чемпионатында 3 медаль жеңіп алды

Бүгін Италияның Монтесильвано қаласында жастар арасында классикалық шахматтан әлем чемпионаты аяқталды, – деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Екі апта бойы Апенин түбегінде 14 пен 18 жас аралығындағы 80 федерацияның 766 таңдаулы шахматшысы сынға түсті.

Ұлттық құрама сапынан 18 жасқа дейінгі ерлер арасында Алдияр Аңсат қола медаль жеңіп алды. Оның еншісінде 11 турдан кейін 8,5 балл бар. Қазір Алдиярдың жасы 15-те екенін айта кетейік. Осы жас санатындағы тағы бір қазақ шахматшысы Тимур Кенбеилов 13-сатыға тұрақтады.

14 жасқа дейінгі қыздар арасында Елназ Калиахмет 9 ұпай жинап, 2-орын алды. Тағы бір Ұлттық құрама өкілі Зарина Нұрғалиева 9-сатыға тұрақтады.

Ал 16 жасқа дейінгі ойыншылар ішінде Алуа Нұрманова 3-орыннан көрінді. Тағы бір отандасымыз Аяулым Қалдарова 17-ші нәтиже көрсетті.

Сондай-ақ 18 жастағылар арасында Ксения Балабаева 5-ші (8 балл), Лия Құрманғалиева 12-ші орында қалды.