Қазақстандық жанкүйерлер танымал клубқа бойкот жариялады

 Қазақстандық жанкүйерлер танымал клубқа бойкот жариялады
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Алматылық "Қайраттың" белсенді жанкүйерлері, №51 сектор өкілдері Қазақстан премьер-лигасының алтыншы турындағы Қостанайдың "Тобылына" қарсы матчқа келмей қойды және клубқа бойкот жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жанкүйерлердің сөзінше, бұл клуб басшылығының, әсіресе, бас директордың жанкүйерлердің бастамаларын бірнеше рет елемеуіне байланысты болған. Сондай-ақ, 51-сектор өкілдері құқық қорғау органдары тарапынан жиі болатын қысымға шағымданды.

Олардың айтуынша, жанкүйерлер ұзақ уақыт бойы клубпен сындарлы диалог орнатуға тырысып, Алматыда жанкүйер болу мәдениетін дамытуға бағытталған ұсыныстар жасаған. Олар бүкіл қала мақтан тұтатын атмосфера құруға ұмтылған. Алайда бұл бастамалар кері қайтарылған.

"Біздің бойкот "Қайратқа" қол сілтеп кету емес, бұл - жанкүйерлік қауымдастыққа деген құрметсіздікке қарсы наразылық. Біз құрметті талап етеміз. "Қайрат" деген - ол біз, жанкүйерлер. Бұл клубтың жүрегі - жанкүйерлер", - деп жазылған жанкүйерлер мәлімдемесінде.

51-сектор өкілдері стадионға қайта оралуға дайын екенін айтты, бірақ мынадай шарттар орындалған жағдайда ғана:

  • Полиция тарапынан жасалатын қысымды тоқтату;
  • Алматыдағы жанкүйерлік қозғалысты дамытуға бағытталған бірлескен іс-шараларды жүзеге асыру;
  • Жанкүйерлердің стадионға кіру мәселесін шешу;
  • Жасөспірімдер командасы мен академия матчтарына кіруге қойылған шектеулерді алып тастау;
  • Әрбір жанкүйердің, соның ішінде кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен абыройын сақтау.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget