Қазақстандық гимнаст жасөспірімдер Олимпиадасының финалына шықты

Спорттық гимнастикадан Қазақстан құрамасының өкілі Ева Тациева Дакарда өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында сәтті өнер көрсетті, деп хабарлайды Massaget.kz.

Қазақстандық спортшы іріктеу кезеңіндегі жекелей көпсайыста 47,866 ұпай жинап, жалпы есепте 21-орынға тұрақтады.

Жарыс ережесіне сәйкес, бір елден финалға екі гимнастан артық қатыса алмайды. Осы талап ескерілгеннен кейін Ева Тациева үздік 18 спортшының қатарына еніп, финалға жолдама алды.

Іріктеу кезеңінде Қытай өкілі Се Гуйин 53,099 ұпаймен үздік нәтиже көрсетті. Екінші орынға оның отандасы Чжун Ци (52,932 ұпай) жайғасса, ресейлік Полина Дмитриева 52,733 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді.

Жекелей көпсайыстың финалы 10 қарашада өтеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!