Қазақстандық гимнаст Роман Мамедов Словенияның Копер қаласында өткен спорттық гимнастикадан Челлендж кубогы кезеңінде үздік алтылыққа енді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жексенбі күні жарыста медальдардың екінші бөлігі сарапқа салынды. Қазақстан атынан жалғыз Роман Мамедов өнер көрсетті. Ол тіреп секіру жаттығуының финалына шыққан болатын.
Екі мүмкіндіктің қорытындысы бойынша қазақстандық спортшы 12,933 ұпай жинап, алтыншы орынға тұрақтады.
Бұл сайыста италиялық Симоне Сперанца 13,966 ұпаймен жеңімпаз атанды. Күміс жүлдені швейцариялық Лука Мурабито 13,783 ұпаймен иеленсе, қола медаль словениялық Бено Кунстқа бұйырды. Ол 13,183 ұпай жинады.
Осылайша Қазақстан құрамасы Копердегі жарысты бір медальмен аяқтады. Бұған дейін Зейнолла Идрисов ат снарядындағы жаттығуда күміс жүлде жеңіп алған еді.
Айта кетейік, Челлендж кубогы – Әлем кубогынан кейінгі маңызы жоғары халықаралық турнирлердің бірі.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!