Қазақстандық файтер Еркебұлан Тоқтар әлем чемпионын нокаутпен ұтты

Қазақстандық танымал файтер әрі актер Еркебұлан Тоқтар Астанада өткен IBA Nomad лигасының International Boxing Day турнирінде мерзімінен бұрын жеңіске жетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның қарсыласы поп-MMA-да өнер көрсетіп жүрген муай-тайдан әлем чемпионы, өзбекстандық Бобиржон "Испанчик" Исроилов болды.

Екінші орта салмақта кәсіпқой бокс ережесі бойынша өткен жекпе-жек екінші раундта аяқталды. Еркебұлан Тоқтар қарсыласын үш рет нокдаунға түсіріп, техникалық нокаутпен жеңіске жетті.

Айта кетейік, алғашқы раундтың өзінде қос спортшы да нокдаун алып үлгерді. Жалпы жекпе-жек тартысты өтіп, бокс жанкүйерлеріне әсерлі айқас сыйлады.

Еркебұлан Тоқтар ұзақ уақыт бойы поп-MMA додаларында өнер көрсетіп, кейін кәсіпқой жекпе-жекке ауысқан қазақстандық актер әрі спортшы. Қазіргі таңда оның рекорды – 11 жеңіс және 3 жеңіліс.

Бұған дейінгі кездесуінде қазақстандық спортшы төрешілердің шешімімен Қырғызстан өкілі Марсель Нурланбек уулына есе жіберген еді.

Қазір Еркебұлан Тоқтар Қазақстандағы поп-MMA-дың ең танымал өкілдерінің бірі саналады. Оның Instagram желісіндегі парақшасына 2,3 миллион адам жазылған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!