Қазақстандық Ева Корышева Аустралиядағы жарысты табысты аяқтады

Қазақстандық Ева Корышева Аустралиядағы жарысты табысты аяқтады
Фото: ktf.kz

Аустралия ашық чемпионатына орайластырылған "Мельбурн парк" корттарында Asla-Pacific Elite 14 & Under Trophy жасөспірімдер турнирі мәресіне жетті, - деп хабарлайды Қазақстан теннис федерациясы. 

14 жасар қазақстандық Ева Қорышева беделді жарыста табысты өнер көрсетті. Ақтөбе теннис мектебінің түлегі тек финалда ғана тартысты матчта корт иесі Эмили Ченге есе жіберді — 6:2, 4:6, 4:6.

Кеше жаңбырға байланысты барлық матч кейінге қалдырылғандықтан, қазақстандық спортшыға бүгін жартылай финалды бітіріп, соңғы бәсекеге шығуына тура келді.

Ева Павел Цойдың қарамағында жаттығады. Өткен жылы 24 кездесудің 19-ында (83 пайыз) жеңіске жетіп, рекордтық нәтиже көрсеткен. Жылды Tennis Europe рейтингісінде 18-орынмен аяқтаған еді.

Сондай-ақ ол Еуропа теннис қауымдастығының "Жылдың үздік шетелдік ойыншысы" (Еуропа одағына кірмейтін елдерден) сыйлығын алған болатын.

О. Сансызбай