Қазақстандық балуандар Моңғолияда 12 медаль жеңіп алды

Ұлан-Батырда (Моңғолия) күрес түрлерінен өткен халықаралық турнир өз мәресіне жетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҰОК-қа сілтеме жасап.

Қазақстан құрамасы жарысты 12 медальмен аяқтады.

Еркін күрестен Асыл Айтақын (61 келіге дейін), Азамат Дәулетбеков (92 келіге дейін) және Едіге Қасымбек (125 келіге дейін) күміс жүлдеге ие болды. Ал Мейрамбек Қартбай (57 келіге дейін), Әділет Әлмұхамедов (61 келіге дейін), Шамсат Таир (79 келіге дейін) және Болат Сақаев (86 келіге дейін) қола медаль жеңіп алды.

Грек-рим күресінен Нұрасыл Аманалы (97 келіге дейін) күміс жүлдегер атанса, Еркебұлан Ардақов (63 келіге дейін) пен Олжас Сырлыбай (130 келіге дейін) қола жүлдеге қол жеткізді.

Әйелдер күресінде Нилуфар Раимова (57 келіге дейін) мен Эльмира Сыздықова (76 келіге дейін) қола медаль иеленді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз