Қазақстандық ауыр атлет Арли Чонтей Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионатында 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алды.
Жұлқа көтеруде 29 жастағы қазақстандық зілтемірші 118 келі салмақты бағындырды.
Серпе көтеруде Чонтей сәтті өнер көрсетіп, 142 килоны көтерді. Жалпы, отандасымыз – 260 киломен жеңіс тұғырынан көрінді.
Екінші орынды 256 (115 + 141) кило нәтиже көрсеткен таиландтық Тада Сомбунуан иеленді. Үздік үштікті 254 (110+144) киломен болгариялық Ангел Русев түйіндеді.
Арли Чонтей – Қазақстан чемпионы, 2017 жылғы Универсиаданың қола жүлдегері, 2018 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2020 жылғы Азия чемпионы. Сегіз жасынан Хунань провинциясындағы (Қытай) спорт интернатында жаттыққан. Қытай құрамасына өтуге мүмкіндігі болмай, 2008 жылы Қырғызстанға көшті. Кейін 2012 жылы Чонтей Қазақстан азаматтығын алды.
Еске сала кетейік, бүгін, 7 желтоқсанда Ташкентте ауыр атлетикадан әлем чемпионаты басталды. Турнирге 80-нен астам елден 500-ге жуық спортшы қатысып жатыр. Әлем чемпионаты аясында ерлер мен әйелдер арасында 10 салмақ дәрежесінде 20 жүлде сарапқа салынады.
Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында Арли Чонтей, Нұрғиса Әділетұлы және Артем Антропов (екеуі де 96 келіге дейін), Карина Құзғанбаева (81 келіге дейін) және Айзада Муптилда (87 келіден жоғары) бес спортшымен өнер көрсетеді.