Қазақстандық ауыр атлет әлем чемпионатында күміс медаль иеленді

Қазақстандық ауыр атлет әлем чемпионатында күміс медаль иеленді
Фото: olympic.kz

Қазақстандық ауыр атлет Нұрғиса Әділетұлы Қытайдың Нинбо қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды Massaget.kz. 

Спортшы 95 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Ол жұлқа көтеруде 182 келіні бағындырса, серпе көтеруде 217 келіні еңсерді. Осылайша, қоссайыс қорытындысы бойынша 399 келі көтерген Нұрғиса Әділетұлы әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленді.

Болгариялық Карлос Насар 415 (185+230) келі нәтижесімен алтын медаль жеңіп алды. Ал ирандық Али Алипур 396 (181+215) келімен үшінші орынға тұрақтады.

Айта кетейік, бұл – Қазақстан құрамасының 2026 жылғы әлем чемпионатындағы алғашқы жүлдесі.

Еске салайық, биыл қыркүйек айында Нұрғиса Әділетұлы Аичи және Нагояда (Жапония) өткен жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанған еді. Сол жарыста отандасымыз қоссайыстың қорытындысы бойынша 394 (177+217) келі көтерген болатын.

Нұрғиса Әділетұлы бұған дейін де әлем чемпионаттарында жүлде алған. Ол 2022 жылы Колумбияның Богота қаласында өткен әлем біріншілігінде күміс медаль иеленсе, 2024 жылы Бахрейннің Манама қаласында әлем чемпионы атанған еді.

О. Сансызбай
Logotype Massaget