Қазақстандық 6 боксшы "кіші әлем чемпионатының" ширек финалына шықты

Қазақстандық 6 боксшы "кіші әлем чемпионатының" ширек финалына шықты
Фото: ©instagram.com/boxingkazakhstan/

Қазақ боксшылары Румыния елінің астанасы Софияда өтіп жатқан "Странджа" халықаралық турниріне қатысуда. Кеше шаршы алаңға шыққан боксшыларымыз қарсыластарынан басым болып, ширек финалға жолдама алды.

Кәсіпқой бокста да бақ сынап жүрген Тұрсынбай Құлахмет өзбек боксшысы Алохон Абдуллаевтан айласын асырып, 4:0 есебімен басым болды. Ширек финалда украиналық Матвий Ражбамен жұдырықтасады. 

Әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай 51 килоға дейінгі салмақта қырғыз боксшысы Бекзат Ергешевті 5:0 есебімен ұтты. Келесі қарсыласы – моңғол Ган-Ердене Ганху. 

75 килоға дейінгі салмақта Нұрқанат Райыс та қырғыз боксшысын жарыстан ерте қайтарды. Ол Даниэль Абдурахмановты 5:0 есебімен айқын жеңіп шықты. 9 ақпанда өзбек Фазлиддин Эркинбоевпен жұдырықтасады.

63,5 килода Ерасыл Таңқай румын боксшысы Красимир Джуровпен қолғап түйістірді. Отандасымыз төрешілердің бірауыз шешімен жеңіске жетті.

Өткен жылы осы жарыстың финалында бақ сынаған Оразбек Асылқұлов 57 килоға дейінгі салмақтағы алғашқы кездесуінде украиналық Владислав Стасядан басым болды. 

Соңғы болып шаршы алаңға көтерілген ауыр салмақтағы Абзал Құттыбеков қытайлық Хан Сюдженьмен жұдырықтасты. Отандасымыз төрешілер шешімімен 4:1 есебімен жеңіске жетті. 

Өкінішке қарай, 71 килоға дейінгі салмақта Талғат Шәйкен ширек финалға шыға алмады. Ол грузин Эскерхан Мадиевпен болған жекпе-жекте 3:2 есебімен қарсыласына жол берді. 

"Странджа" халықаралық турнирі әуесқой бокстағы беделді жарыстардың бірі. Тіпті оны "кіші әлем чемпионаты" деп те атайды. Биылғы жарыс 75-ші рет ұйымдастырылып жатыр. 

Былтыр елімізден 57 келідегі Оразбек Асылқұлов — күміс, 75 келідегі Нұрқанат Райыс — қола жүлде алған еді.

Айта кетейік, Олимпиада ойындарына лицензия беретін жарыс ақпан айының соңында Италияда басталады. Оған былтыр Қазақстан спартакиадасында жеңімпаз болған боксшылар аттанады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

О. Сансызбай