Алматыда өткен жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында көкпардан рекордтық жүлде қоры - 12,35 миллион теңге тағайындалды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстан көкпар федерациясының хабарлауынша, финалда Жамбыл облысының командасы жеңіске жетті. Шымкент құрамасына қарсы өткен тартысты матчта (5:4) чемпиондық тағдырын Арнұр Әсен салған "алтын салым" шешті.

Рекордтық көлемдегі жүлде қоры турнирге қатысқан барлық командаларға орындарына сәйкес бөлінді. Жеңімпаз команда 2,1 миллион теңге иеленсе, турнирдің үздік ойыншысы атағын алған Алматыдан Нұржігіт Пернебай қосымша 300 мың теңге сыйақы алды.
Көкпар – көшпенділердің ежелгі әрі өте серпінді ойыны. Ат үстіндегі шабандоздар серкенің өлі денесін таласып, арнайы шеңберге апаруға тырысады. Бұл ойында күш те, ептілік те, жылдамдық та маңызды. Қазіргі таңда көкпардың көшбасшы елдері – Қазақстан мен Қырғызстан. Сонымен қатар, бұл ойынды АҚШ пен Еуропада да ойнайды.
Бұған дейін Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі елімізде көкпармен 78 мың адам айналысатынын мәлімдеген болатын.
Айта кетейік, жуырда Қырғызстанда көкпардың бір түрі – көк-бөрү ойыны кезінде қайғылы жағдай орын алып, Қазақстан бұл оқиғаға байланысты көңіл айтты.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Бақдаулет