Әлемнің бірінші ракеткасы, қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Қазақстанға қайтатынын мәлімдеді. Бұл туралы ол АҚШ Ашық чемпионатындағы жеңісінен кейін өткен баспасөз мәслихатынан соң айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Баспасөз мәслихатынан кейін қазақстандық журналист Рыбакинадан турнир бойы оны қолдап, өнерін бақылаған қазақстандықтарға не айтқысы келетінін сұрады.
Теннисші жанкүйерлеріне қолдауы үшін алғыс айтып, бұл жеңістің қуанышын олармен бірге бөліскісі келетінін жеткізді.
"Маған сеніп, қолдау білдіргендердің бәріне көп рақмет айтқым келеді. Мен әзірге Қазақстанда емеспін, бірақ қайтуды жоспарлап отырмын. Осы сәтті мені қолдап, матчті тамашалаған Қазақстандағы барша жанкүйермен бірге бөліскім келеді. Әсіресе балалармен", - деп Рыбакинаның сөзін The Tennis Letter келтіреді.
Елена Рыбакинаның US Open чемпионы ретіндегі баспасөз мәслихаты аяқталды, бірақ қазақстандық бір тілші сұрақ қойып үлгермеген еді. Елена орнына қайта отырып, тағы бір ерекше сұраққа жауап беру үшін бөгелді. "Бұл сіздің соңыңыздан ерген Қазақстандағы көптеген жастар үшін өте маңызды. Бүгін сізге жанкүйер болып, тілеулес болған көптеген қазақстандықтарға қандай жолдау айтар едіңіз?" Елена: "Жолдауым — барлық қолдау мен сенім үшін үлкен рақмет. Мен әлі ол жаққа барған жоқпын. Баруды жоспарлап отырмын. Бұл сәтті Қазақстандағы мені қолдаған, тамашалаған барша халықпен бөліскім келеді. Әсіресе балалармен. Мен әрқашан көптеген балалардың келіп жатқанын айтып жүремін. Теннис орталықтарына келіп... бәрі де теннис ойнағысы келеді, бұл — тамаша дүние. Ел үшін осындай жетістікті бәріміз бірге тойлайық". 🥹 🇰🇿🩵
— The Tennis Letter (@TheTennisLetter) 13 қыркүйек, 2026 жыл
Спортшы Қазақстандағы балалардың тенниске қызығушылығы артып келе жатқанын да атап өтті.
"Тенниске балалардың қызығушылығы артып жатқанын үнемі айтып жүремін. Бәрі теннис ойнағысы келеді. Бұл тамаша. Еліміз үшін осындай үлкен жетістікті бірге атап өтейік", - деді ол.
Бүгін қазақстандық теннисші Елена Рыбакина мансабында үшінші рет "Үлкен дулыға" турнирінің жеңімпазы атанды. АҚШ Ашық чемпионатының финалында ол Беларусь өкілі Арина Соболенконы жеңді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаны тарихи жеңісімен құттықтады.
Елена Рыбакина: US Open финалына дейінгі жол
Еске салайық, қазақстандық теннисші турнирді америкалық Ти Фродинді жеңуден бастады. Одан кейін Испания өкілі Джессика Боусас Манейроны, украиналық Юлия Стародубцеваны және жапониялық Наоми Осаканы жарыс жолынан шығарды.
Ширек финалда Елена Рыбакина Қытай өкілі Чжэн Циньвэньді жеңіп, WTA рейтингінде бірінші орынға шығатынына кепілдік алды. 14 қыркүйекте Қазақстан тарихында алғаш рет әлемнің бірінші ракеткасы атанған теннисші болады.
Жартылай финалда әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілуін қамтамасыз еткен Рыбакина америкалық Коко Гауффты сенімді түрде жеңді.
Айта кетейік, Елена Рыбакина 2022 жылы Уимблдонда топ жарған. Ал 2026 жылғы қаңтарда Australian Open турнирінің жеңімпазы атанды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz