Қазақстанда UFC турнирі қашан өтеді? Министр жауап берді

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қазақстанда UFC турнирін өткізу жөніндегі келіссөздер туралы айтты. Жарыс 2027-2028 жылдары ұйымдастырылуы мүмкін, деп хабарлайды Massaget.kz.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте министрге Қазақстанда UFC турнирін өткізу туралы сұрақ қойылды.

«Жыл басынан бері UFC бойынша бірнеше келіссөз жүргіздік, нақты жұмыс кездесулері өтті. Қазір келіссөздер белсенді жүріп жатыр. Айдың соңында UFC турнирін 2027–2028 жылдары өткізу мәселесі бойынша қандай шешімге келгенімізді толығырақ жариялаймыз. Барлық жұмыс атқарылды, айдың соңында оның қорытындысын қосымша хабарлаймыз», — деді министр.

UFC Қазақстанда Fight Night турнирін алты жыл бұрын өткізуді жоспарлаған еді. Жарыс 2020 жылғы маусымда "Астана Аренада" өтуі тиіс болған. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты бұл жоспар жүзеге аспаған еді.

Айта кетейік, қазір UFC-де бес қазақстандық өнер көрсетеді. Олар – Шавкат Рахмонов, Асу Алмабаев, Дияр Нұрғожай, Николай Веретенников және Әліби Ыдырыс.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!