Қазақстан ұлттық құрамасы теннистен "Дэвис кубогының" плей-офф кезеңіне дайындықты бастады

Қазақстандықтар 16-17 қыркүйекте Софияда Ұлттық теннис орталығының топырақ төсенішінде Болгариямен плей-офф матчын өткізеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Команда капитаны Юрий Щукиннің бастауымен Александр Бублик, Тимофей Скатов, Михаил Кукушкин, Андрей Голубев және Александр Недовесов қазір жаттығу үстінде.

Бұл қос құрама арасындағы алғашқы кездесу болмақ. Осыған дейін Болгария командасы "Дэвис кубогының" финалдық кезеңіне ешқашан шығып көрмеген.

"Болгария құрамасының көшбасшысы Григор Димитровтың қатысатыны жөнінде нақты ақпарат жоқ. Әзірге ол тізімде жоқ, бірақ 15 қыркүйек күнгі жеребеге дейін құрамға енгізілуі мүмкін. "Дэвис кубогы" – командалық жарыс. Мұнда рейтинг онша рөл атқармайды. Димитровсыз да Болгарияда жақсы теннисшілер бар, оның үстіне олар өз жанкүйерлерінің көз алдында ойнайды. Сондықтан оңайға түспейді. Дегенмен командалық әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне шығу үшін бізге қалайда жеңіс керек", - деді Қазақстанның екінші ракеткасы Тимофей Скатов.

16 қыркүйек күні жекелей сында екі бәсеке өтеді. 17 қыркүйекте бір жұптық, тағы екі жекелей кездесу ойналады. Матч жеңімпазы алдағы жылдың ақпанында "Дэвис кубогының" финалдық кезеңіне жолдама алу үшін сынға түседі.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!